Қысқаша тарихы

начало участия

1970 жылдардың басында Шығыс пен Батыс арасындағы үнқатысуды жолға қою үшін көпжақты форум - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңес (ЕҚЫК) шақырылған болатын. 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісі ЕҚЫК-ға қатысушы мемлекеттердің өз азаматтарына қатысты, сондай-ақ өз араларындағы қатынастардың негізгі қағидаттарын бекітті.

1990 жылға дейін ЕҚЫК нормалар мен міндеттемелер тұжырымдалатын кездесулер мен конференциялар түрінде жұмыс істеді, мерзім-мерзім олардың орындалуы туралы ақпарат тыңдалып отырды.

Форум қызметіндегі бетбұрыс жасалған сәт - 1990 жылғы жоғары деңгейде өткен Париж кездесуі болды. Жаңа Еуропа үшін Париж хартиясында Еуропадағы тарихи өзгерістер үдерісін басқаруға үлес қосу және «қырғи-қабақ соғыс» біткен соң туындаған жаңа сын-талаптарға жауап беру міндеті қойылды. Осы міндеттерді шешу үшін бірнеше мекемелер мен институттар құрылды, кездесулерді тұрақты негізде өткізу жолға қойылып, Кеңестің жұмысына жүйелі сипат берілді.

1990 жылғы қарашада ЕҚЫК үдерісі шеңберіндегі келіссөздерде қарулануға бақылау саласындағы маңызды келісім – Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шарт (ЕӘҚКШ) әзірленді.

1994 жылғы жоғары деңгейдегі Будапешт кездесуінде ЕҚЫК-ні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) деп қайта атау туралы шешім қабылданды. Бұл Ұйым жұмысына жаңа саяси серпін берді және бір мезгілде оның институционалдық даму жолының көрінісіне айналды.

1996 жылғы жоғары деңгейдегі Лиссабондағы кездесуінде «XXI ғасырдың Еуропасы үшін жалпы және бәрін қамтитын қауіпсіздік үлгілері» туралы декларация қабылданды, «Қару-жараққа бақылаудың негіздері» және «Қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл бойынша форумның күн тәртібін дамыту» бекітілді. Дәл сол кезде ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік пен тұрақтылықты барлық өлшемдерде нығайту ісіндегі шешуші рөлі туралы тезис одан әрі дамытыла бастады. Бұл кездесудің қорытындысы 1999 жылы Стамбұлда Ұйымның жедел мүмкіндіктерін жетілдіруді көздейтін Еуропалық қауіпсіздік хартиясын қабылдауға себепші болды. Осы кезде ЕҚЫҰ-ға қатысушы 30 мемлекет Стамбұл декларациясын қабылдады және Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы бейімделген шартқа қол қойды.