ЕҚЫҰ құрылымы

Жоғары деңгейдегі кездесулер – ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекет және үкімет Басшылары ЕҚЫҰ өңіріндегі жағдайға бағалау жүргізеді және қызметтің жаңа негізгі бағыттарын әзірлейді. Соңғы кездесу 1999 жылы Стамбұлда өтті.

Сыртқы істер министрлерінің кеңесі (СІМК) – аса маңызды мәселелерді қарайтын және тиісті шешімдерді қабылдайтын орталық директивалық және басшылық етуші орган болып табылады. СІМК кездесулері жылына кемінде бір рет әрбір Төрағаның өкілеттік мерзімінің аяқталуына таяу өткізіледі.

Тұрақты Кеңес (ТК) – ЕҚЫҰ-ның күнделікті жедел қызметі үшін жауап береді. Оның жұмысына Іс жүргізуші төрағаның өкілі басшылық етеді.ТК мүшелері, қатысушы мемлекеттердің тұрақты өкілдері апта сайын (бейсенбі күндері) Венадағы Хофбург сарайында жиналады. Тұрақты Кеңес ЕҚЫҰ-ға қатысты барлық мәселелер бойынша консультациялар өткізеді және шешімдер қабылдайды. Арнайы жағдайлар бойынша да шақырыла алады.

Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумы (ҚЫФ) – ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер делегацияларының тұрақты өкілдерінен құрылған және Венадағы ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде апта сайын ЕҚЫҰ өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудың нақты шаралары бойынша келіссөздер мен консультацияларға арналған отырыстар өткізеді. Сондай-ақ Форум міндетіне қару-жараққа бақылау жасау, қарусыздану мен сенім шаралары, жанжалдың туындау қаупін азайту жөніндегі келіссөздерді; қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты консультацияларды; сенім және қауіпсіздік шараларын орындауды бағалау жөніндегі жылсайынғы отырыстарды; әскери доктриналар бойынша семинарларды ұйымдастыру кіреді.

Парламенттік Ассамблея (ПА) – 1991 жылы құрылған. Хатшылық Копенгагенде орналасқан. ЕҚЫҰ ПА-ның 2007 жылғы шілдеде Астанада өткен сессиясында Португалия өкілі Ж.Соареш бір жыл мерзімге Президент болып сайланды.

Іс жүргізуші төраға (ІТ) – жедел қызметке жалпы басшылықты жүзеге асырады, ол ЕҚЫҰ-да төрағалық етуші мемлекеттің сыртқы істер миинистрі. 2009 жылы ЕҚЫҰ-ның Іс жүргізуші төрағасы Грекия сыртқы істер министрі Дора Бакоянни болып табылады. Төраға бір жылға тағайындалады және өз қызметінде:
құрамына алдыңғы, қазіргі және келесі төрағалар кіретін «Үштіктің» ( 2009 ж. Үштікті Финляндия, Грекия және Қазақстан құрайды);
Қосымша көмек көрсету үшін, атап айтқанда, жанжалдардың алдын алу және дағдарыстарды реттеу саласында құрылуы мүмкін арнайы топтардың;
ІТ нақты мандатпен тағайындайтын жеке өкілдердің көмегіне сүйенеді.

Бас Хатшы – СІМК үш жыл мерзімге тағайындайды, Іс жүргізуші төрағаның өкілі және Ұйымның бас әкімшілік лауазым иесі ретінде әрекет етеді. БХ-ның міндетіне ЕҚЫҰ құрылымдарына және операцияларына басшылық жасау кіреді. 2005 жылдан бастап бұл лауазымда Марк Перрен де Бришамбо (Франция) отыр.

Хатшылық – Бас Хатшының басшылығымен жұмыс істейді және мынадай бөлімшелерден құралады:

  • Бас Хатшының офисі;
  • Жанжалдардың алдын алу орталығы;
  • Стратегиялық полициялық мәселелер бөлімі;
  • ЕҚЫҰ-ның антитеррорлық бөлімшесі;
  • Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі Арнайы өкіл мен үйлестірушінің бюросы;
  • ЕҚЫҰ-ның Экономикалық және экологиялық қызметін үйлестірушісінің бюросы;
  • Басқару және қаржы департаменті;
  • Прагадағы бөлімше (ЕҚЫҰ-ның мұрағаттары мен оның құжаттамасын тарату).


Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) – адам құқықтарын қамтамасыз ету, демократияның дамуын және заң үстемдігін орнықтыруды қамтамасыз ету мәселелеріне жәрдемдесу үшін жауап береді. Штаб-пәтері Варшавада орналасқан. 2008 жылдан бастап ДИАҚБ-ның Басшысы Елші Янеш Ленарчич (Словения) болып табылады.

БАҚ бостандығы жөніндегі ЕҚЫҰ өкілі – қатысушы мемлекеттер үкіметтеріне ЕҚЫҰ қағидаттарының негізінде еркін және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға көмекті жүзеге асырады. 2004 жылғы 10 наурыздан бастап бұл лауазымды Миклош Харасти (Венгрия) иеленді.

Аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы Комиссар – этникааралық шиеленіс жағдайларын анықтайды және олардың тез арада шешілуіне жәрдемдеседі. Штаб-пәтері Гаагада орналасқан. 2007 жылғы 4 шілдеден бастап бұл лауазымда Кнут Воллебек (Норвегия)отыр.

ЕҚЫҰ-ның тыстағы миссиялары – жанжалдардың алдын алу, дағдарыстарды реттеу, сондай-ақ нақты бағыттар бойынша дамуға көмек көрсету мақсаттарына қызмет етеді. Олардың мандаты орналасқан жерлердегі мүдделі тараптармен байланыстарды жолға қоюды және үнқатысуды дамытуды көздейді.

Қазіргі уақытта ЕҚЫҰ-ның тыстағы 19 миссиясы:
Балқанда (Албания, Босния және Герцеговина, Черногория, Хорватия, Сербия, Косово, БЮР Македония);
Шығыс Еуропа елдерінде (Беларусь, Молдова, Украина);
Кавказда (Әзірбайжан, Армения, Грузия*, ЕҚЫҰ-ның Минск конференциясының тақырыбы болып табылған жанжал жөніндегі ІТ Жеке өкілінің офисі);
Орталық Азияда (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) жұмыс істеуде.

*Ескерту: ЕҚЫҰ-ның Грузиядағы миссиясының мандаты 2008 ж. 31 желтоқсанда аяқталды.

Жоғары деңгейдегі жоспарлау тобы Таулы Қарабақтағы бейбітшілікті қолдау жөніндегі ЕҚЫҰ күштерін құруға дайындықпен айналысады.

Сондай-ақ Әскери зейнеткерлер бойынша ресейлік-латвиялық бірлескен комиссиядағы ЕҚЫҰ өкілі де әрекет етуде.

ЕҚЫҰ-мен байланысты органдар. Сондай-ақ ЕҚЫҰ шеңберінде:

  • Татуластыру және төрелік соты (татуластыру арқылы дауларды реттеу, Женева);
  • Бірлескен кеңесу тобы (ЕӘҚКШ-ны орындауға жәрдемдеседі);
  • Ашық аспан жөніндегі кеңесу комиссиясы (1992 ж. Ашық аспан жөніндегі шартты орындауға жәрдемдесу) әрекет етеді.