Өмірбаяны
Қанат Бекмұрзаұлы Саудабаев
1946 жылы Алматы облысында туған. Н.Крупская атындағы Ленинград мәдениет институтын және КПСС Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген.
Еңбек жолын М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында режиссер болып бастаған. Одан кейін көптеген жылдар бойы мәдениет саласында, оның ішінде Қазақ КСР Министрлер кеңесі мәдениет бөлімінің меңгерушісі, мәдениет министрінің орынбасары, Кино жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы және Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы – министр болып жұмыс істеді.
1991 жылы дипломатиялық қызметке ауысып, Қазақ КСР-нің КСРО-дағы бірінші Өкілетті Өкілі болды.
1992 жылы Қ.Саудабаев Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы бірінші Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
1994 жылы – ҚР Сыртқы істер министрі.
1994-1996 жылдары – Қазақстанның Түркиядағы елшісі.
1996 жылдан 1999 жылға дейін – ҚР Ұлыбританиядағы, сондай-ақ Швеция және Ирландиядағы (қоса атқарушы) елшісі.
1999-2000 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, Үкімет мүшесі.
2000 жылдан бастап 2007 жылдың мамырына дейін – Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы және Канададағы (қоса атқарушы) Төтенше және Өкілетті Елшісі.
2007 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды.
2009 жылғы 4 қыркүйектен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.
Шетел тілдері – ағылшын, неміс және түрік.
Қазақ мемлекеттік университетінде философия ғылымдарының кандидаты (1981 ж.) және Мәскеу мемлекеттік университетінде саясаттану ғылымдарының докторы (2000 ж.) дәрежесіне ие болды. «Отан» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
Үйленген, үш баласы және төрт немересі бар.


