Қанат Саудабаев Таулы Карабах жанжалының тараптары арасында сенімділікті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті
16 ақпан, 2010 жыл, Ереван. ЕҚЫҰ-ның қызметтегі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің Арменияға сапары барысында Таулы Карабах жанжалының тараптары арасында сенімділікті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті және Түркиямен қатынастарды қалыпқа келтіру үдерістеріне жоғары баға берді.
«Біз Армения мен Оңтүстік Кавказ өңірінің ЕҚЫҰ аймағында қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту саласындағы рөлінің аса маңызды екендігін мойындаймыз», - деп К.Саудабаев Армения Сыртқы істер министрі Эдуард Налбандянмен кездесуінде атап өтті. «Біз Армения және аймақтың басқа да елдері соқтығып отырған мәселелердің жүйелі түрде шешілуіне мүдделі болып отырған тараптардың ұмтылыстары мен күш-жігерлеріне жаңа серпін беретінімізге үміттіміз».
Сонымен қатар, Қ.Саудабаев ЕҚЫҰ-да төрағалық етіп отырған Қазақстан сияқты алғашқы посткеңестік мемлекет пен Армения арасындағы ортақ тарихи жол мен ділдердің ұқсастығы, екі ел басшылары арасындағы жақсы қатынастар ұзаққа созылған жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің басты құралдарына айналатындығына сенімділігін білдірді.
Ол Әзірбайжан мен Армения елдері арасындағы өзара төзімділік пен түсіністікті нығайтудың маңыздылығын және казақстандық төрағалықтың қатысушылар арасындағы ынтымақтастық үдерістеріне өз үлесін қосуға даяр екендігін атап өтті.
ЕҚЫҰ-ның қызметтегі төрағасы көршілес елдер арасындағы ашық сұхбат аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірден-бір негізі екенін айта кетті. «Біз Армения мен Түркияның қатынастарды қалпына келтіру жөніндегі нақты қадамдарын қолдаймыз және тараптардың осы бағыттағы одан арғы оңды шараларының куәгерлері болатынымызға сенімдіміз. Бұл тұрғыда екі ел арасындағы сенімділікті қайта қалыптастыруға ұмтылған тараптардың күш-жігерлерін қолдауға әзірлік танытамыз».
Сол күні Қ.Саудабаев Армения Президенті Серж Саргсянмен және елдің саяси партиялары өкілдерімен, оның ішінде, Левон Тер-Петросянмен кездесулер өткізді.
ҚР Сыртқы істер министрінің бұл сапары ЕҚЫҰ-ның қызметтегі төрағасы ретінде Оңтүстік Кавказ өңіріне жасаған алғашқы сапары болып отыр. Бұл өңірде ұйымның жергілікті миссиялары қызмет етуде. Қанат Саудабаев Арменияның ЕҚЫҰ-мен, оның институттарымен, атап айтсақ, ЕҚЫҰ-ның Ереван қаласындағы кеңсесімен елдегі сайлау туралы заңнамаларын, саяси және сот жүйелерін реформалау, экологиялық мәселелерді шешу салаларындағы жүргізіп жатқан ынтымақтастығын жеке атап өтті.
Саудабаев Армения басшылығын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөніндегі бастамасын жүзеге асыруға қолдау танытқандығы үшін алғысын білдірді.
ЕҚЫҰ-ның қызметтегі төрағасы жексенбі және дүйсенбі күндері Әзірбайжан басшылығымен және елдің саяси партиялары өкілдерімен кездесулер өткізу мақсатында Баку қаласында болған. Сәрсенбі күні ол грузин серіктестерімен келіссөздер жүргізуге Тбилиси қаласына аттанады.
16 February 2010, 5:00


